Untitled Document

Сұхбат ... Асхаб-ул-каһф

Иса пайғамбардан (алейһиссалам) соң дін дұшпандары жан-жаққа таралған кезде діндерін қорғау үшін барлық нәрселерін тастап, көшкен және Тарсустағы үңгірге жасырынған 7 адам мен Қытмир деген күшіктері «Асхаб-ул каһф» деп аталады. Кітаптарда Асхаби каһф деп те келеді. Құран кәрімнің «Каһф» сүресінде солар туралы баяндалады.

Асхаб-ул каһф деп аталған иманды жастар Эфсус, яғни қазіргі түркиядағы Тарсус қаласының тұрғындары болатын. Олардың алтауы сарайда қызмет істейтін, патшаға жақын адамдар болатын. Византия императоры Домитян(ус) немесе Докян(ус) деген адам өте залым және пұтқа табынатын адам болған. Ол өзін тәңірі деп жариялайды. Эфсус, яғни Тарсус қаласына келгенде 7 жас адам Иса пайғамбардың дінін тастамай, қастандықтан құтылу үшін бір үңгірге жасырынады. 309 жыл ұйқыда жатады.

Император Теодос кезеңінде оянып, Ариустың шәкірттерімен сөйлеседі. Қайтадан ұйықтайды. Теодос пұтқа табынушылықты жойды. Христиан дінін таратты. Үңгірге барып, Асхаб-ул каһфпен кездесті. Олардың дұғаларын алды. Үңгірдің есігінің алдына ғибадатхана салдырды. 395 жылы қайтыс болды. Асхаби каһфтің есімдері: Ямлиха, Макселина, Мислина, Марнуш, Дабернуш, Шазенуш, Кафаштатаюш және күшіктері Қытмир.

Пайғамбарымыздың кезеңінде Хазреті Әбу Бәкір мен Хазреті Әли Асхаб-ул каһфке барады. Олар ұйқыдан тұрып, оларды көреді. Расулуллаһқа иман келтіргендерін айтып, дұға сұрайды. Асхаб-ул каһф Хазреті Мәһди кезеңінде қайтадан оянып, оның қасына барады, әскері болып жәрдем береді. Күшіктері Кытмир де жұмаққа барады.

Бір хадис шәрифте былай делінді:

«Асхаб-ул каһф (рахметуллаһи таала алейһим ажмаин) оянып, үңгірден шығады және хазреті Мәһдидің әскерлері болады».

Асхаб-ул каһф өз дәуірінде барлық жақты бүлік қаптаған кезде хижрет жасау арқылы осындай жоғары дәрежеге қол жеткізген.