Сұхбат... Бидғат деген не? (1)
Сұрақ: Бидғат деген не?
Жауап: Бидғат – жаңалық деген сөз. Кейіннен шығарылған нәрсе дегенді білдіреді. Бұлар әдетте (салтта), ғибадатта немесе иманда болады. Әдеттегі бидғаттың діни тұрғыдан зияны жоқ. Ал ғибадатқа және иманға бидғат араласса аса қауіпті болмақ.
Әдетте (салт-дәстүрде) бидғат сауап күтілместен дүние пайдасы үшін жасалатын нәрселер. Әдетте бидғат костюм, плащ кию, шай, кофе ішу секілді діннің тыйым салмаған нәрселері болса күнә емес. Жаратылыстану (физика, математика секілді) ғылымдары да бидғат емес. Тіпті, ғылыми жетістіктерге жету дініміздің бұйрығы. «Ғылым Қытайда болса да алыңдар! Ғылым және өнер – мұсылманның жоғалтқан мүлкі. Қайдан тапса алсын» хадис шәрифі кәпірлерге ұқсауды емес, ғылымды олардан болса да іздеп табуды әмір етуде (Мәудуат-ул-улум).
Ғибадатта бидғат деп Расулуллаһтың және төрт халифасының заманында болмай, дінімізге кейіннен кірген, ойдан шығарылған сенімдерге, сөздерге, амалдарға және әдеттерге айтылады. Ғибадатқа бидғат араластыру үлкен күнә болады. Бидғатты сүннет деп орындау харам. Бұлардың барлығын дін деп, ғибадат деп дінге қосу немесе діндегі маңызды нәрселерді дінге қайшы нәрсе, дінде бұл нәрсе жоқ деп айту бидғат болып табылады. Бидғаттардың кейбірі күпір, кейбірі үлкен күнә болады. Хадис шәрифте былай делінеді:
«Дін атына ойдан шығарылған барлық нәрсе бидғат болып табылады, барлық бидғаттар адасушылық, ал барлық адасушылық тозаққа апарады» (Бұхари, Мүслим, Ибн Мажә, Нәсаи).
Бидғат шығарған адамдар дінде кемшіліктер бар деп тауып кейбір үкімдерді өзгертуге, жаңадан үкімдер қосуға тырысады. Сахих хадистерді ойдан шығарылған деп ойлайды, ислам ғалымдарын ұнатпайды. Көбінесе бидғатшылар тәкаппар болады.
Бұл заманның ең көп тараған бидғаты мазһабсыздық болып табылады.
(жалғасы ертең)